«Жас мұраты, білім, тәрбие – талабы... Өнер, оқу – жастықтың жарқын болашағы»
Өнер, оқу – жастықтың жарқын болашағы
Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдараламасының негізгі бағыттарының бірі – халықтың білімге деген құштарлығын арттыру. Қазіргі ақпараттық технология заманыныда цифрландыру ісі, бәсекелестік, жоғары сападағы заман талабына сай жан-жақты даму үшін ғылым мен білімнің соңғы жетістіктерін жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру ісінде тиімді пайдалану қажет.
Осыған орай, өзінің терең тағылымды білімімен, айрықша ұйымдастырушылық қабілетімен Г.О.Оралбекова басқарып отырған Шымқаламыздың Абай ауданына қарасты №55 жалпы орта білім беретін мектебінде «Жас мұраты, білім, тәрбие – талабы... Өнер, оқу – жастықтың жарқын болашағы» тақырыбында семинар болып өтті. Семинардың негізгі мақсаты: жаңартылған білім беру мазмұны жағдайында оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру; оқу мен оқытудағы ізденіс және тәжірибе; Ұлы дала елінің, ұлы тұлғалары, би-шешендерінің өнегелі, даналық сөздерін насихаттау, ұлт құндылықтары мен ұлағаттарын ұлықтап, отансүйгіш патриот азаматтар тәрбиелу.
Жеткіншектерге білім мен тәрбие беруде денсаулықтың адам үшін маңызын ұғындырып, олардың бойында спортқа деген қызығушылын ояту мұғалімдердің бір міндеті. «Шынықсаң шымыр боларсың» дегендей, семинардың алғашқы іс-шарасы дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Р.Анарметовтың ұйымдастыруымен балалардың спорт ойындарын тамашалаумен басталды. Арнайы әр түсте киінген оқушылар футбол, волейбол, баскетбол, таеквон-до, гимнастика, т.б. түрлі спорт түрлері бойынша өз өнерлерін көрсетті. 




Семинарға жиналған қонақтар мектеп фоесінде «Ұлы мақсаттарды өзінің алдына ұлы халық қана қоя алады» деген тақырыптағы көрмемен танысты. Мектептің жас өрендерінен құралған оркестр күмбірлеген күміс әуенді шарықтатып құлақ құрышын қандырса, жас ақындар өздерінің жүректен шыққан жауқазын жырларымен бөлісті. Сондай-ақ, заман талабына сай жас ғалымдардың жасаған роботтары мен түрлі техникалық заттары да осы көрменің төрінен орын алыпты.
Кітап – қазына. Кітап – сарқылмайтын білім. Бүгінгі кітапхана тек кітап оқуға ғана қызмет ететін орын емес, оқушылар үшін зияткерлік демалыс орны болу керек. Мектеп кітапханасы жасаған кітаптар мен кітапхана ісі көрмесінен осыны ұққандай болдық.




Келушілерді жылы шырай, жарқын күлкісімен мектеп басшысы Г.О.Оралбекова кішіпейілділікпен қарсы алды. Қонақтар өз пәндері бойынша кабинеттерден орын алды. «Оқыту мен оқудағы кері байланысты орнатудың тиімді жолдары» коучинг сабағын І деңгейлі мұғалім К.Ж.Ордабаева, «Мектеп, ата-ана, оқушы» ата-аналарға арналған коучинг сабақты І деңгейлі А.Назарова, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Ж.Егембердиева «Жастардың жарқын болашағы TEGx жобасын» жоғары деңгейде өтіп, өз тәжірибелерімен бөлісті. Бастаушы сынып мұғалімдері Ұ.Исахова, П.Абдалиева, Е.В.Здолбунова, ағылшын тілі пәнінен Г.Е.Тажиева, физика пәнінің мұғалімі А.Т.Дүйсенова, қазақ тілі пәні мұғалімі Г.С.Аппазова, тарих пәнінің мұғалімі А.Умарова, биология пәнінің мұғалімдері Э.Шаушашвили, М.Н.Бегимбетова, технология пәнінің Б.Д.Назаровтар білікті білімдері мен озық тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ, мұғалімдердің STEM, CLIIL бойынша жұмыстары, бастауыш сынып оқушыларының табиғи заттардан жасаған қолөнер бұйымдарынан «Жасыл әлем» атты көрмеден оқушылардың ерекше ізденістері, таң қаларлық ойлары, балалық сезімдері, табиғатқа деген сүйіспеншіліктері байқалады.











Семинар акт залда жалғасын тапты. Мектеп басшысы Г.О.Оралбекова өз сөзінде: «Н.Ә.Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» еңбегінде «Көтерілген мәселелер жан-жақты ой елегінен өткізіп, терең зерделеуді талап етеді. Сондай-ақ, біздің дүниетанымыздың, халқымыздың өткені мен бүгінінің және болашағының іргелі негіздеріне тікелей қатысты. Бұл жұмысты бірнеше ірі жобалар арқылы бастауға болады», - деп айтқандай, бүгінгі біздің көрсетіп отырған шаралар, беріліп жатқан білім мен тәрбие болашақтың іргелі жобасының бастауы. Халқымыздың өткені мен бүгінін, болашағын танытып, жас өркендер бойында ұлттық мақтаныш пен дәстүрімізге деген құрметті, отансүйгіштікті қалыптастыру әрбір ұстаздың басты міндеті. Осы орайда мектеп жанында оқушыларды жан-жақты білімді әрі тәрбиелі азамат етуде бірнеше үйірмелер жұмыс істейді. Олар түрлі қалалық, республикалық сайыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп, абыроймен оралды».
Оқушылар әсем әнді құйқылжыта шырқап, тербетіле би билеп, тарихи кезеңдерден сыр шерететін сахналық көріністер қойылды. Оқушылардың өнерге деген талпыныстары оларды шыңдаудағы ұстаздардың қажырлы да табанды еңбегін айғақтады.
Жаңартылған білім беру мазмұны жағдайында оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту семинары жоғары деңгейде өтті. Мектеп басшысы мен ұстаздардың өз істерінің кәсіби шеберлері екендігін айғақтайтын оңды іс-шара келген қонақтарға рухани азық, тың талпыныс пен жаңа шабыт сыйлады. Ырыс-берекесі мен мызғымайтын ынтымағы берік қасиетті білім ордасына биік асуларды бағындыратын қажыр-қайрат, жемісті еңбек тілейміз!







